Рус | Қаз

Ақжар ауданының әкімі А.А.Тастеміровтың  ауданның әлеуметтік экономикалық дамуының 2010 жылғы қорытындылары туралы ЕСЕБІ

 

2010 жыл Қазақстан төрткүл дүние назарын өзіне аударуымен ерекше жыл болды. Еуропа құрлығы, Солтүстік Америка мен Орталық азия аймақтарындағы қауіпсіздікке мүдделі ұйым – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық жасаумен қатар, осы ұйымның ең жоғарғы дәрежедегі кездесуі саммитті ұйымдастырып өткізді. Ресей мен Беларусь елдерімен кедендік одақ құрды.

Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің кілтін ұсынды. Соңғы жылдары осында әлемдік діндер өкілдерінің басын қосқан үш бірдей съезд өткізіліп, бүгінде Ізгілік пен Бейбітшілік шаһарына баланған Еңселі Елордамыз енді «Түркі әлемінің астанасы» атанып отыр.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тереңнен толғаған сарабдал саясатымен қыруар іс атқарылды – демократиялық саяси жүйе құрылды, тұрғындардың мүддесіне жауап беретін, олардың еркіндігі мен құқын қорғайтын азаматтық қоғам қалыптасты.

Қазақстанның жаңа құрылымы мемлекеттің еліміздің халқына қызмет етуін қарастырады, ал тәуелсіздікке дейін керісінше болғаны белгілі. Біздің еліміз бұрынғы кеңестік елдері ғана емес халықаралық деңгейде интеграциялық үдерістердің бастамашысы және экономикалық қайта құруларды жүргізудің үлгісі бола алды. Тиімді жоспарлаудың нәтижесінде Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының теріс әсерін оңай еңсерді және едәуір әлеуеттеніп индустриялы-инновациялық дамудың жаңа кезеңіне бірінші болып кірісті.

Бүгінгі таңда мемлекетіміз дамуының барлық жоспары 2030 жылға дейін даму мақсаттарына жетуге бағытталған және еліміз бүкіл әлемге экономикасы дамыған, қоғамдық-саяси тұрақты мемлекет ретінде танымал. Ал, ұлтаралық, дінаралық келісім және халқымыздың бірлігі мен татулығы – бұл, әрине, тәуелсіз Қазақстанның басты байлықтары.

Осы нәтижелерімізді әрі нығайту және болашақта бәсекеге қабілеттілігімізді күшейту мақсатында Елбасының бастамасымен елімізде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде жедел индустриялы-инновациялық стратегиясы, Бизнестің жол картасы, оқуға дейінгі жастағы балаларды тәрбиемен және оқумен қамтамасыз ету мақсатындағы «Балапан», тұрғын үй құрылысы, «Таза ауыз су» бағдарламсының жалғасы ретіндегі «Ақбұлақ» және көптеген басқа да жоспар мен бағдарламалар ұлттық экономиканың өрлеуіне, сонымен қатар барлық қазақстандықтардың әл-ауқаттарының жақсаруына тура бағытталуда.

Қазақстан тәуелсіздік жолына қатар түскен өзі теңдес елдердің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастап келе жатыр.

Қазақстан бидай экспорттау жөнінен дүние жүзінде алдыңғы 6 елдің қатарында, ал ұн экспорттауда соңғы үш жыл қатарынан әлемдік лидер атанып отыр.

Биылғы жыл – тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы.

Бұл – ең әуелі біздің жасампаз тарихымыздың бетбұрысты белесі.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өту шаралары басталып та кетті. Бұған барлық елді мекен және оның тұрғындары қатысуы керек.

Бұл орайда тәуелсіздік күні мерекесінде Елбасымыздың: «Бұл – біз үшін тек мерейтойлық оқиға ғана емес, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралайтын, болашақты бағдарлайтын кез. Осылайша мемлекеттігімізді орнықтыру жолындағы алғашқы асуды бағындырып, жаңа кезеңге қадам басатын жол» деп атап көрсетуі әрбір қазақстандықтарға айтылған үндеу деп қабылдау қажет.

Сондықтан да тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын абыроймен қарсы ала отырып, алға қойған мақсаттар мен міндеттерге жету жолында ақжарлықтар да қомақты үлес қосатын болады.

ХХІ ғасырдың алғашқы оныншы жылы жалпы қазақстандықтар үшін шоқтығы биік жыл десек, ақжарлықтар үшін де табысты жыл болды. Оның дәлелі 2010 жылы ауданымыз тұңғыш рет көп салалық рейтинг көрсеткіштері бойынша облыс бойынша бірінші орынға шықты.

Ендеше, біраз көрсеткіштерге тоқтала кетейін.

 

Қаржы жағдайы

2010 жылдың 1 қаңтары бойынша мемлекеттік бюджетке салық және басқа да төлемдерді жинау жоспары аудан бойынша 102 пайызға орындалып, 464,8 млн. теңге жиналды. Оның ішінде, республикалық бюджетке 81,2 млн. теңге түсіп, болжам 104 пайызға, облыстық бюджет кірісі бойынша болжам 100 пайызға, аудандық бюджет кірісі бойынша болжам 100 пайызға орындалды.

Жалпы 2010 жылға арналған аудандық бюджет республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерді қоса алғанда 1 млрд. 631 мың теңгені құрады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде барлық деңгейдегі бюджет қаражатын игеру 2010 жыл қорытындысы бойынша 99,2 пайыз болды.

Өткен жылы бос қалдықтарды есептей отырып, бюджетке нақтылау жүргізілді. Ол 2010 жылдың басындағы бос қалдықты қоса есептегенде жыл бойы 33 млн. 411 мың теңгеге нақтылау жүргізілді, оның ішінде 29 млн. 200 мың теңге кірістер жөніндегі жоспарды асыра орындау есебінен. Бұл сомалар ауданның әлеуметтік салаларын қосымша қаржыландыруға жұмсалды.

 

Өнеркәсіп

2010 жыл елімізде индустриялық-инновациялық бағыттағы кәсіпорындардың қарқынды дамыған жылы болды. Оның айқын дәлелі ретінде облыс бойынша индустриализациялау картасына енген 13 ірі өндірістік жобаның үшеуі біздің ауданда жүзеге асырылуын мақтанышпен айта аламыз. Бұл біздің ауданның мүмкіндіктері мен табиғи байлықтары  ескеріле отырып іске асты.

Осы 3 жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады және барлығы қосымша 140 жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.

Жобалардың бірі Ленинград селосында орналасқан қиыршық тас өндіретін «Шунгит» ЖШС-гі бүгінгі күні толық қуатында жұмыс жасауда.

Мұнда өндірістік қуаты сағатына 275 тоннаны құрайтын швециялық құрал орнатылған. Инвестиция көлемі 424 миллион тенге. Жарты жылда 40 мың шаршы метр қиыршық тас өндірілді. Дайын өнімдерге сұраныс бар. Ресейдің Омбы облысымен келісім-шарт жасалған. Жұмысшылар саны 20 адам.

Сондай-ақ шілде айында «Ақтөбе Гласс» ЖШС-мен инвестиция көлемі 1 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын Ленинград  селосындағы кварц құмын өндіруге арналған кен байыту фабрикасының технологиялық желісі пайдалануға берілген. Бүгінгі уақытта жергілікті жердің ауа райына байланысты кәсіпорынның жобалау-сметалық құжаты қайта жасалып, соған сәйкес құмды кептіруге арналған цехтың жұмысы дизельдік отыннан газға ауыстырылуда. Сонымен қатар, қайта жобалау құжатына сәйкес қыста шикізат сақтайтын жылы склад пен әкімшілік-тұрмыстық корпус салу жоспарлануда.

Фабрика экологиялық таза байытылған кварц құмын өндіретін болады. Бүгінгі күні 20 адам жұмыспен қамтылған.

«Еңбек нан» ЖШС-мен 60 мың тонналық қосымша элеватор құрылысы салынды. Бұл кәсіпорында ұсақ тұқымды астық өнімдерін қайта өңдейтін канадалық қазіргі заман талабына сай құрал жабдықтары орнатылған. Жобаның жалпы құны 745 млн. теңгені құрады.

2010 жылдың қаңтар-қараша айларында ауданымыздағы өнеркәсіп орындарының өндірген өнім көлемі қаржылық емес секторда 2009 жылмен салыстырғанда 13,5 млн. теңгеге артып, 271,3 млн. теңгені құрады. Физикалық көлем индексі 105,2 пайыз болды.

Өнеркәсіп құрылымының негізгі бөлігін Ленинград селосында орналасқан тау-кен өндіріс орындары құрайды. Олар: «Компания Диорит ЛТД», «Кварц-2», «ПКФ Гранит-2», «Ленинград жолдары», «Шунгит» ЖШС-тері. Олармен жыл бойы 115 мың текше метр қиыршық тас өндірілді немесе 2009 жылға қарағанда өндіру көлемі 1,0 мың текше метрге артты.

Ауданда 7 ұн шығаратын кәсіпорын тіркелген, олар 2010 жылғы  қаңтар-қараша айларында өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда өнім көлемін 3 пайызға арттырып, 994 тонна ұн өндірді.

Халықты нанмен қамтамасыз етуде аудан бойынша 13 наубайхана жұмыс жасауда. 600 грамдық бір бөлке нанның бағасы былтырғы жылғы осы уақыттың көлемінде сақталып отыр, орташа баға 38-45 теңгеден. Қаңтар-қараша айларында жоғардағы наубайханалармен 366 тонна нан және нан өнімдері өндірілді. Бұл былтырғы жылғы осы уақытпен салыстырғанда 4,5% артық.

Өнеркәсіп саласы бойынша біздің ауданда мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды дамыту міндеті бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Осы бағыт бойынша биылғы жылы «Лұқбанов» ЖШС-гі «Казагрофинанс» ұлттық компаниясымен бірлесіп мал бордақылау фермасын және сүт кешенін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоба биылғы жылы басталып, 2012 жылы пайдалануға берілетін болады. Жобаның жалпы құны 250 млн. теңге.

2010 жылғы негізгі капиталға 807,2 млн.теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 127,7 пайызды құрайды.

 

Ауыл шаруашылығы

Ауылды өркендетудің басты факторы агроөнеркәсіп кешенін жүйелі әрі серпінді дамыту және оның экономикасын осы заманғы нарық заңдылықтары негізінде шапшаң алға жылжыту болып табылады. Сол себепті де соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешендеріне Елбасының бастамасымен мемлекеттен бұрын-соңды болмаған көмектер көрсетілуде. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылық саласы жыл сайын 4-5 пайыз тұрақты өсімге қол жеткізіп келеді.

Егін шаруашылығына бюджет қаражатынан бөлінетін субсидиялар мен тыңайтқыштар, арзан жанар-жағармай, ғылыми дәлелденген озық үлгідегі технологияларды сақтау мен жаңа заман техникаларын кең көлемде қолданысқа енгізу нәтижесінде ауа райының күрделі болуына қарамастан 2010 жылы аудан диқандары бітік егін өсіріп, уақытында қамбаға құйып алды.

2010 жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық жалпы өнімінің көлемі 13 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,3 пайызға артты.

Аудан бойынша егістік көлемі тың жерді игеру есебінен 2009 жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға артып, 327 мың гектарды құрады. Осы алқаптардан жиналған астық көлемі 450 мың тоннаға жетті.

Ауданымызда жиналған мол астықты сақтап, өңдеумен айналысатын 3 элеватор және 3 астық қабылдайтын орындар жұмыс жасайды. Жыл сайын осы элеваторлар мен астық қабылдау орындарын материалдық-техникалық жабдықтау мен қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биылғы жылғы көктемдік егістік науқанына 38,1 мың тонна сапалы тұқымдық бидай дайындалып, сақталуда.

Үкіметтің аграрлық саланы қолдауы, жаңа ғылыми жетістіктер мен технологиялардың өндіріске енгізілуі, тұқым сапасының жаңаруы, мамандарды қайта даярлау және қуатты техникалармен қамтамасыз етілуі сияқты жұмыстарды жүйелі жүргізудің арқасында егіншілік саласында жақсы жетістіктерімізді мақтанышпен айта аламыз.

Өткен жылы ауданымыздың егін шаруашылығымен айналысатын ірілі-ұсақты кәсіпорындарына 130 млн. теңгенің субсидиясы берілді.

Шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі уақытта ірі инвестор «Богви» фирмасына қарасты 12 шаруашылықтың паркі толық шетелдік қуатты техникалармен жабдықталса, соңғы үш жыл ішінде жеке меншік шаруашылықтар да техникаларын жаңартуды қолға ала бастады. Тек ғана 2010 жылғы еігн орағы науқаны кезінде «Данияров» ЖШС-гі 3 дана Есіл комбайны, бір МТЗ-80 тракторы, «Ужаров» ШҚ-мен екі «Енисей» комбайны, «Лукбанов» ЖШС-мен екі «Енисей» комбайны, «Богви» фирмасымен 9 жинақтаушы бункерлер және 8 бірлік басқа да ауыл шаруашылық техникалары сатып алынды. Қазіргі уақытта аудан бойынша қолданыстағы техникалардың 80 пайызы жаңаланды.

Мемлекеттің қаржылай қолдауынан басқа ауданда «Ақжар Кредит» кредиттік серіктестігі шаруа қожалықтарына несие бөліп, жұмыс жасауға көмек көрсетуде. 2010 жылы осы серіктестік 37,6 млн. теңге несие берді.

Шаруашылығын дамытып, жаңа кәсіп ашамын деуші ауыл тұрғындары үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  АҚ-ның облыстық филиалынан жыл сайын қаражат бөлініп келеді. 2009 жылы 12,5 млн. теңге бөлінсе, 2010 жылы 12,1 млн. теңге берілді.

Соңғы жылдары мал шаруашылығында да тұрақты  даму байқалуда. Оның үстіне қазіргі уақытта Үкіметтен асыл тұқымды мал басына берілетін субсидия мен мал шаруашылығын дамытуға арналған облыстық және аудандық бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артып келеді.

2011 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша малдың барлық түліктері мен үй құстарының саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 105,6 пайызға өскен. Оның ішінде қой мен ешкі 107%, жылқы 106%, түйе 110%, шошқа 110% және құстар 102% өскен. Барлық мал басының 90,7% жеке меншікте саналса, шаруашылықтардағы мал басы 9,3% құрап отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1,3% артық. Яғни, қазіргі уақытта шаруашылықтар егін егумен қатар мал өсіруге де мүдделі болып отыр.

Бүгінгі уақытта ауданда ірі қара малдың ақ бас тұқымын өсіретін 3 тұқым фермасы бар. Олар: Ленинград с/о «Ахмеджанов» ШҚ, Кеңащы с/о «Алдоңғаров» ШҚ және Алқатерек селосындағы «Асыр Тобыл» ЖШС-гі. Аталған шаруашылықтарға 2010 жылы бюджеттен 2,4 млн. теңге субсидия берілді.

Жылқы түлігінің саны соңғы үш жылда 20 пайызға өсіп 9 мыңға жуықтап отыр. Жылқы өсіретін шаруа қожалықтар қатары да жыл сайын көбейіп келеді. Атап айтсақ, «Ахмеджанов», «Нұр» (Ленинград с/о), «Бекет», «Болат» (Ұялы с/о), «Дархан», «Алдангоров» (Кеңашы с/о), «Әлім» (Талшық с/о), «Данил» (Совхоз с/о) шаруа қожалықтары және Алқатерек селосында 100 бастан артық жылқы өсіріп отырған жеке азаматтарды атауға болады.

2010 жылғы қаңтар-қараша айларында тірі салмақта 4,6 мың тонна ет, 32,3 мың тонна сүт және 4 млн. 151 мың дана жұмыртқа өндірілген, бұл 2009 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда сәйкесінше 2,1; 3,0 және 3,1 пайызға артық.

Мал басының өсуіне байланысты бүгінгі уақытта қатаң ветеринарлық талаптар қойылып, орындалуы бақылауға алынған. Барлық селолық округтерде арнайы мал соятын орындар салынып, жұмыс жасауда.

Сондай-ақ биылғы жылғы бюджетте  селолық округтерде мал қорымына арналған термиялық ор салуға қаражат бөлінді.

Биылғы жылы «Ахмеджанов» ШҚ-мен Дәуіт селосында типті мал соятын орын ашу жоспарланып отыр.

 

 

 

Құрылыс

Қазіргі уақыт талабы барлық өңірлерде тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталып отыр. Осы мақсатта жасалған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2010 жылы аудан бойынша тұрғын-үй құрылысының жоспары 103 пайызға орындалып, жалпы алаңы 567 шаршы метрді құрайтын 5 пәтерлер салынды.

Бұдан басқа аудандық бюджеттен бөлінген 3,7 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шағын отбасылық жатақханадан 2 пәтер пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта Ленинград және талшық селоларындағы коммуналдық меншіктегі бос тұрған екі қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттарын дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы барлық селолық округтерде ауылды көркейту, жасылдандыру, тазалау үш айлығы барысында көп жұмыстар атқарылды. Әр елді мекендердегі бұзылып, қираған үйлердің орны тазаланып, көп жылдардан бері үйілген үйінділер шығарылды. Қатты қалдықтарды төгетін қоқыс свалкалары санитарлық нормаға сәйкес құжаттандырылып, жыл сайын ретке келтіріліп отыр.

Талшық селосының орталығындағы 22 гүлзарлар мен клумбаларға 27 мың дана гүл көшеттері отырғызылып, шығыс календары бойынша 12 жылдың жануарлары бейнеленген шағын фигуралар орталыққа ерекше сән беріп тұрды.

Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге де ерекше көңіл аударып келеміз. Соңғы екі жылдың ішінде осы жолдарға құм төсеп тегістеу жұмыстары жүргізілді. Тек былтырғы жылдың өзінде 3500 тоннадай құм тасылып, төселді.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша селоның айналасына, ішіндегі бос жерлерге ағаш отырғызу жұмыстары жыл сайын жалғасуда. Өткен күзде Талшық селосы Вокзал көшесінің бойында «Тәуелсіздік» алаңына Астана қаласынан әкелінген 180 көшет егілді. Күнделікті бақылаудың нәтижесінде барлығы да жерсініп кетті. Осы жылы қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, әр ауылды көркейтетін боламыз.

Биылғы жылғы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына орай әр ауылда көркейту жұмыстары бойынша жаңа нысандар ашылу керек. Сондықтан ауыл әкімдері өз ауылдарында

Аудандық бюджетте Талшық, Ленинград, Айсары, Алқатерек, Кеңащы ауылдық округтеріне көркейту жұмыстарына арнайы қаражат бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде әр селода жаңа гүлзарлар, алаңдарды ашуға үлкен септігі тиері сөзсіз. Алдағы уақытта бюджетті нақтылау кезінде басқа округтерге де қарастыратын боламыз.

 

Кәсіпкерлік

Елбасы өткен жылғы Жолдауында «Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар енгізуге дайын қуатты кәсіпкерлерді көргіміз келеді» деген болатын. Сондықтан да осы саланы дамыту әрқашан басты назарда болып келеді. Өйткені нақ осы кәсіпкерлер экономиканың қозғаушы күші болып табылады.

2011 жылдың 1 қаңтары бойынша ауданда 729 шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде 386 жеке кәсіпкер, 73 заңды тұлға, 270 шаруа қожалығы тіркелген.

Жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлерге бизнес жасауға көмек көрсету үшін ауданда кәсіпкерлікті дамыту көрсеткіштерінің мониторингі мен талдауы тұрақты жүргізіліп отырады.

Сауда кәсіпорындары халықты қажетті өнім түрлерімен толық қанағаттандыруда, әр елді мекендегі тұтынушылардың  күнделікті сұраныстағы тауар жиынтығын сатып алуға мүмкіндігі бар.

Ауданда 373 инфрақұрылым нысандары халыққа қызмет көрсетеді. Олар: сауда кәсіпорындары, қоғамдық тамақтану орындары, жөндеу шеберханалары, шаштараз, фотосалондар, дәріханалар, қонақүйлер, транспорт қызметі, коммуналдық база және тағы басқалар.

2010 жыл ішінде барлығы 7 кәсіпкерлік нысандары, оның ішінде 2 транспорт қызметі, 1 аяқ киім және киім жөндеу шеберханасы, 4 басқа қызмет көрсету орындары ашылды.

Шағын бизнес саласы бойынша 2010 жылы жеке кәсіпкерлердің ашқан жұмыс орындарына барлығы 81 адам тұрақты жұмысқа қабылданды.

Ауданымыздағы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікті жаңадан бастаушыларға «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның филиалы, «Ақжар кредит» кредиттік серіктестігі» ЖШС-гі, «Ақжар», «Даяна Кредит» микрокредиттік ұйымдары және екінші дәрежелі банктер арқылы қаржылай қолдаулар көрсетіледі.

2010 жылы «Ақжар кредит» кредиттік серіктестігі» ЖШС-гі және микрокредиттік ұйымдары арқылы шағын бизнес субъектілеріне ісін ары қарай жалғастыру және жаңадан өндіріс ашу үшін 63,6 млн. теңге несие берілген.

«Лукбанов», «Жалын-2» және «Компания Диорит ЛТД» ЖШС-тері «Парыз» конкурсының лауреаттары атанып, елордамыз Астанаға барып Елбасымен жүздесіп келді. Жеке кәсіпкер Б.Каримов қызмет көрсету саласында соңғы үш жылда облыс бойынша үздіктер қатарынан көрінуде.

 

 

Сумен қамтамасыз ету

Жолдауда айтылғандай ауылдық жерлерді құбырлы сумен қамтамасыз ету жұмысы да бағдарламаға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі күні аудандағы барлық ауылдық елді мекендердің 90 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде 4 елді мекен су құбыры тартылды.

Былтырғы жылы басталып, биыл жалғасын тауып отырған Бостан-Киев селоларына баратын су құбырын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен барлығы 500 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Биылғы жылы толық аяқталатын болады.

«Таза ауыз су» бағдарламасының жалғасы ретінде биылдан бастап іске асырылатын «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылдың  ішінде барлық елді мекендерде әр үйге енгізумен су құбыры жүйелері тартылады деп жоспарлануда. Биылғы жылы Ленинград селосына осы бағдарлама бойынша сметалық-жобалау құжаттары дайындау үшін бюджеттен 6600 мың теңге қарастырылған.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету шарасы бюджет қаражатымен қатар инвесторлардың көмегімен де іске асырылуда. «Азия Даму банкі» қаражаты арқылы Ақжарқын және Ащыкөл селоларында су құбыры жүйесі тартылып ауыл тұрғындары үйлерінің жанындағы колонкалардан таза ауыз суды пайдаланып отыр.

2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Талшық селосының орталығындағы су құбырын ауыстыру және Бестерек аулына құбыр орнату бойынша 37 млн. теңгенің жобасы іске асты.

 

Транспорт және байланыс

Ауданда 499 шақырым республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар қызмет көрсетеді. 2010 жылы осы жолдарды ұстау мен жөндеу жұмыстарына 33,2 млн. теңге жұмсалды. «Жол картасы» арқылы елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеуге 10 млн. теңге жұмсалып, 2500 шаршы метр жолға ой-шұңқырларын тегістеу жұмыстары жүргізілді.

Халықты жолаушылар тасымалымен қамтамасыз етуде аудан ішінде 7, облысаралық 5, халықаралық 5 автобус маршруты  қатынайды.

Жолаушылар тасымалы бағытында автобус маршруттарынан басқа темір жол қатынасы да қызмет көрсетеді. Астана-Қызыл ту бағыты бойынша күн ара қатынайтын жолаушылар пойызы аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай туғызып отыр.

Жыл сайынғы есептік кездесулерде тұрғындармен қойылатын сұрақтардың көбі телефон байланысы туралы болатын. Сол себепті «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық бөлімшесімен ауылдық елді мекендерді телефонмен қамтамасыз ету бойынша көп жұмыстар атқарылды. Бүгінгі уақытта аудандағы барлық елді мекендер телефон байланысымен 100 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. 2011 жылдың 1 қаңтары бойынша аудан бойынша 4481 телефон абоненті халықтың игілігіне қызмет жасауда.

 

Денсаулық сақтау

Елбасының былтырғы жылғы Жолдауында: «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін жауапкершілік теориясы – денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болға тиіс» деп атап көрсетті. Соған орай, былтырғы жылдан бастап кез-келген қазақстандық азамат өзінің таңдаған ауруханасына жатып емделуіне мүмкіндік жасалған болатын.

Сонымен қатар, былтырдан бері самолет арқылы науқастарды облыс орталығына жеткізу қызметі де ауыл тұрғындары үшін қолайлы болып отыр.

Қазіргі уақытта «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы және жергілікті әкімдік, аудандық орталық аурухана және медициналық жоғарғы оқу орындарының соңғы курс студенттері арасындағы үш жақсы келісімге сәйкес жоғары білікті медициналық кадрларды ауылға тартудың нәтижесінде дәрігерлердің тапшылығы 70 пайызға азайды. Келген дәрігер мамандарға барлық жағдайлар жасалуда. Тұрғын үй мәселесі шешілген, ауылға келген жоғарғы білімді дәрігерлер үшін көтермелеуге берілетін қаржы да қарастырылған. Өткен жылы бізге 3 дәрігер келіп, оларға тұрғын үй берілді және көтермелеу ақысы төленді.

Жолдауда халық санының 2020 жылы 10%-ға өсуі үшін мемлекет барлық қажетті жағдайларды жасайтын болады делінген. Қазіргі уақытта ол жағдайлар жасалып жатыр деп толық сеніммен айта аламыз. Бала тууды ынталандыруға байланысты арнайы мемлекеттік жәрдемақылардан басқа, өткен жылы облыс әкімі С.С.Біләловтың бастамасымен еліміз бойынша бірден-бір жоба іске асырылуда. «Ұрпақ қоры» деп аталатын осы бағдарлама бойынша төртінші және одан кейінгі туған балаларға депозит ашылып, 226 мың теңге салынады.

Осындай қамқорлықтар мен жаңа ауруханада ана мен балаға жасалған жақсы жағдайдың арқасында ауданымызда демографиялық ахуал жыл сайын оң көрсеткішке жетіп келеді. Атап айтсақ, жыл сайын ауданымызда бала туу ұлғаюда, табиғи өсім өсуде.

Бұдан басқа селолық елді мекендердегі барлық медициналық пунткттер мен дәрігерлік амбулаториялар қажетті жабдықтармен және орталық дәріхана арқылы дәрілермен  толық қамтамасыз етілген.

Өңір басшысының қолдауының нәтижесінде Ленинград аухана бөлімшесіне 2,8 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудандағы барлық денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы және косметикалық жөндеуге 1 млн-ға жуық теңге жұмсалды.

Бүгінгі күні ауданның барлық дәрігерлік емханалары мен медициналық пункттерінде телефон байланысы бар.

 

Білім беру

Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік жағдайына байланысты.

Білім беру саласы бойынша ауданымыздың сапалық көрсеткіштері жыл сайын артып келеді. Бұл бағытта 23 орта, 2 негізгі, бір бастауыш мектеп, мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі,  екі балабақша, №6 кәсіби мектеп, жасөспірімдер үйі және медициналық-педагогикалық психологиялық консультация үздіксіз және жүйелі түрде жұмыс жасап келеді.

Балаларға қажетті сапалы білім беру үшін мектептерде барлық жағдайлар жасалған. Телефон байланысы және  компьютерлермен қамтамасыз етіліп, Интернет жүйесіне қосылған. 6 мектептің оқушылары «Оkunet.kz”  желісімен жұмыс жасайды. Талшық, Ленинградтағы №1 және №2 орта мектептерінде интерактивті  тақта орнатылған. Мектеп кітапханалары барлық пәндер бойынша электронды оқулықтармен қаматамасыз етілген.

Елбасы: «2020 жылға қарай қалалық және ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие берумен және оқытумен қамтылатын болады» деген болатын. Бұл жұмыстың іске асуы қазірдің өзінде біздің ауданда 74 пайызға жетті. Аудан бойынша екі балабақша мен мектептердегі 26 шағын орталықта 800-ге жуық сәбилер тәрбиеленіп, оқытылуда. Өткен жылы екі шағын орталық толық күн тәртібімен жұмыстаса, биылғы жылы Алқатеректегі шағын орталық толық күн режиміне көшіріледі.

Сонымен қатар, биыл облыстық бюджеттен Талшық селосында екінші балабақша құрылысын бастауға  30 млн. теңге бөлінсе, «Балдырған» балабақшасында санаторялық топ ашылатын болады.

Ленинград селосындағы №6 кәсіптік лицейі 1967 жылдан бері ауыл шаруашылығына қажетті кәсіби мамандарды даярлауда талмай қызмет атқарып келеді. 40 жылдан астам уақыт тарихы бар кәсіптік лицей бүгінгі таңда Елбасы айтқандай экономиканың қажеттіліктеріне сай 8 арнайы мамандықтар бойынша мамандар даярлауда.

Алайда, лицей оқушылары үшін жатақхана мәселесі көп қиындық туғызатын. Өткен жылы өңір басшысы Серік Сұлтанғазыұлының қолдауы арқасында облыстық бюджеттен 49 млн. теңге қаражат бөлініп, ол мәселе шешімін тапты. Көп жылдардан бері қаңырап бос тұрған екі этажды ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіліп, бүгінде ауылдың ажарына сән беріп тұрған әсем ғимаратқа айналды. Сонымен қатар оның ішінің материалдық-техникалық жарақталуына 6 млн. теңге жұмсалды. Жатақхана 70 орынға лайықталған. Ішінде лицей оқушысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған жатақхана бүгінгі күннің талабына сай.

2010 жылы мектептерді материалдық-техникалық жабдықтауға 17 млн. 824 мың теңге сомасында бюджет қаражаты бөлініп, игерілді. Оған Қазан орта мектебіне мультимедиалық кабинет және Ащыкөл, Ленинград №2, Май орта мектептеріне биология кабинеті орнатылды.

Биылғы жылы өңір басшысы Серік Сұлтанғазыұлының арнайы тапсырмасына орай оқушыларды спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджетте 5 млн. теңге қарастырылып әр мектепке 15 пар шаңғы әперу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта оқушылардың білім сапасына ерекше көңіл бөлудеміз. Бірыңғай ұлттық тестілеуде 2009-2010 оқу жылының қорытындысы бойынша жалпы аудандық көрсеткіш алдындағы оқу жылымен салыстырғанда 15 пайызға өсті. Бұл әрине бірінші кезекте аудан мұғалімдерінің еңбектерінің жемісі. Бұл көрсеткіш осы жылы бұдан да жоғары болады деген сеніміміз мол. Ауданымыздың оқушылары алдындағы жылдың табысын қайталап, өткен жылы да 4 «Алтын белгіні» абыроймен қорғады. Бұл да оқу сапасының оң өзгеріске жеткенін көрсетеді.

2009 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, біздің ауданымызға 46 жас маман жұмысқа орналасты. Оларға әлеуметтік қолдау мақсатында әрқайсысына 90 мың теңге көлемінде көтермелеу ақысы төленді және 14 жас маманға пәтер сатып алуға 11,8 млн. теңге көлемінде пайызсыз  несие берілді.

Бұл сауатты да білімді жастарды ауылға тарту үшін және ауылды көркейту үшін жасалып жатқан игі қадамдардың бірі.

 

Әлеуметтік қорғау

Қазақстан алдағы онжылдықта барлық азаматтарының тұрмыс жағдайы мен деңгейін жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту жөнінде міндет қойып отыр.

2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60%-ы деңгейіне дейін өсіріліп, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге арттырылуы көзделіп отыр.

Жолдауда айтылған осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, халықтың тіршілік деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2010 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша орташа айлық жалақы мөлшері аудан бойынша 41650 теңге болды немесе 2009 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 11,7 пайызға артқан.

Қолданылған шаралардың нәтижесінде 2010 жылы 1106 жұмыссыз жұмысқа орналастырылып, жоспар 108 пайызға орындалды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 493 адам орналасты.

Өкілетті орган арқылы жоспар бойынша 300 адам жұмысқа орналастыру болжанса, нақты 579 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 193 пайызға артық орындалды.

2011 жылдың 1 қаңтары бойынша ауданда тұрмысы төмен 101 отбасы немесе 392 адам бар, бұл 2010 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 617 адамға немесе 181 отбасына азайған. Осы көрсеткіштің нәтижесінде 2011 жылғы 1 қаңтар мерзіміне сәйкес кедейшілік деңгейі 1,8 пайызды құрады. Бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 2,8 пайызға азайды.

Аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдау мақсатында 10,3 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 824 адамға берілген. 2009 жылмен салыстырғанда аз қамтылған азаматтардың саны 355 адамға азайды.

Жұмыс іздеуде қиындық көретін тұлғалар үшін өткен жылы жалпы еңбекақы қоры 10 млн. теңге соманы құрайтын  186 адам  төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген. Жоспар 101 пайызға орындалды.

2010 жыл бойы  мемлекеттік балалар жәрдемақысы 1329 балаға немесе 546 отбасына бөлініп 15 млн. 401 мың теңге төленді. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 312 балаға азайған.

Мүгедектерді оңалту бағдарламасын жүзеге асыруға 2010 жылы 2 млн. 112 мың теңге бөлініп, игерілді. Осы бағдарламаға сәйкес 35 мүгедек кемдеу-сауықтыру орындарына демалып келді. Жыл бойы 5 адам тифлоқұралдармен, 5 адам тифлотехникамен және 6 мүгедек орындық-коляскамен және жүру коляскасымен қамтамасыз етілді.

Елге оралған қандастарымызды қабылдау, орналастыру, еңбекпен қамту және орнықтыру жөнінде жүргізіліп жатқан мақсатты жұмыс жалғасуда. 2010 жылы облыстық көші-қон басқармасының жолдамасымен 3 отбасы біздің ауданға келіп қоныстануда.

Кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту жөніндегі жүргізілетін жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл мәселені шешу ауданның барлық мемлекеттік органдарынан аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі нысаналы жұмысын талап етеді.

 

Мәдениет

Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы бұдан әлдеқайда күрделі кезеңдерде де мәдениет мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Осыдан 10 жыл бұрын «Мәдениетті қолдау жылы» деп әйгілеп, арға-бергі тарихымыз бен ұлттық мәдениетіміздің жылдар бойы қордаланып қалған бірқатар проблемаларын шешуге жағдай жасалды.

Сол уақыттан бері ауданның мәдениет саласы да үнемі даму үстінде. Жыл сайын аудан бойынша мәдениет мекемелерінің саны өсіп келеді. сонымен қатар пайдаланудағы мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2008-2009 жылдары аудандық мәдениет үйіне 16 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтырғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 11 млн. теңге бюджет қаражатына Кеңашы селолық клубы қайта жөнделіп, халық игілігіне берілді.

Соңғы бес жылдың ішінде аудандағы мәдениет нысандары 4 есеге өсіп, бүгінде аудан бойынша 18 клуб (оның 13 –і мемлекеттік, 4-уі жеке меншік), 13 мемлекеттік кітапхана жұмыс жасауда. Сонымен қатар барлық білім мекемелерінде кітапханалар жұмыс істейді.

Өткен жылы көрнекті мемлекет қайраткері, публицист, талантты жазушы, сыншы және кәсіби экономист Смағұл Садуақасұлының 110 жылдығы аталып өтті. Осы шараға байланысты Талшық селосында аудандық конференция ұйымдастырылып, аудан орталығынан жаңадан іргетасы қаланған Смағұл Сәдақасұлын атындағы өлкетану музейі пайдалануға берілді.

 

Спорт

Жолдауда айтылғандай халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту бүгінгі күннің басты талабы болып табылады. Бұл бағыттағы ауданда нақты және жүйелі жұмыс жүргізіліп, соның нәтижесінде ауданымыздың спортшылары бүгінде облыстық, республикалық және халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп, зор табысқа жетіп отыр. Бүгінде ауданымыздан шыққан жас балуан, Сингапурде өткен жасөспірімдер халықаралық Олимпиадасының қола жүлдегері Баймағанбетов Ақанды, грек-рим күресінен Ризат Мұхамадиев, Нығматуллин Ринат, жеңіл атлетикадан Юрченко Татьяна, Кондрат Регина, ауыр атлетикадан Эдуард Голь және тағы басқа көптеген спортшы ұл-қыздарымызды мақтан тұтамыз.

Аталған спортшыларымыздың барлығы да біздің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері мен түлектері. Қазіргі уақытта осы спорт мектебінің 10 бөлімшесінде 556 оқушы тәрбиеленуде. Осы бөлімшелерде спортпен шұғылданушылардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 106 адамға өскен. Осылардың арасынан ертеңгі күні бұдан да зор жетістіктерге жететін шәкірттер шығатындығына сеніміміз зор.

Жыл сайын дәстүрлі түрде жазғы және қысқы спорттық ойындарын  өткізудің нәтижесінде спорттық нысандар саны көбейіп, бүгінде 148-ге жетті. Сонымен қатар, спорттың ұлттық  түрлері бойынша спартакиада, волейбол, баскетбол, футбол, шағын футбол турнирлері, еркін және грек-римдік күрес бойынша чемпионаттар  өткізіліп келеді.

Елбасының Жолдауында айтылғандай бүгінгі күні ауданда жалпы спортпен шұғылданатындардың саны 25,5 пайызға жетіп отыр.

Аудан білім беру департаментінің, дене  шынықтыру  және спорт басқармасы өткізген барлық облыстық шараларға  белсене қатысты. 2010 жылы спортық іс-шараларды өткізуге 2,6 млн. теңге бөлініп, игерілді.

 

 

«Жол картасы» бағдарламасы

2009 жылдан бастап жүзеге асырылған өміршең бағдарламалардың бірі «Жол картасы» екендігін бүгін барлығы жақсы біледі. Соңғы екі жыл ішінде осы бағдарлама нәтижесінде аудандағы 17 әлеуметтік инфрақұрылымдарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бағдарламаға сәйкес жобаларды іске асыру қарсаңында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отырды.

Осы бағдарламаға сәйкес 2010 жылы біздің ауданда 88 млн. теңге бюджет қаражатына 7 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп, барлығы 119 адам жұмыспен қамтылды.

- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жөндеу және қайтадан іске қосу жобасы бойынша Талшық селосындағы су құбырларын ауыстыруға және Бестерек аулына су құбырын тартуға 38 млн. теңге;

- елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу жұмысына 10 млн. теңге;

- балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залы жөндеп, жабдықтауға 6,7 млн. теңге;

- әлеуметтік нысандарды, оның ішінде Талшық, Қазан, Бостандық мектептерін күрделі жөндеуге 21,5 млн. теңге;

- мәдениет саласы бойынша Кеңащы ауылдық клубын қайта жөндеуге 12 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Жастарды жұмыспен қамтып, жұмыссыздық деңгейін өсірмеу мақсатында «Жастар тәжірибесі» есебінен оқу орындарын бітіріп келген 78 жас мамандар меншік түріне қарамастан  ұйымдар мен мекемелерге жұмысқа орналасты. Олардың 22-сі тұрақты жұмысқа ауысты.

«Жол картасының» тағы бір басым бағыты жұмыссыздарды басқа мамандықтар бойынша қайта және кәсіптік даярлауды жүргізу  болды. Бұл бағытта Ленинград №6 кәсіптік лицейде ауданның әр елді мекендеріндегі 120 жұмыссыз азаматтары қайта даярлаудан өтті. Олардың 30-ы тігінші, 30-ы есептеу техникасы және бағдарламашы,  30 электромонтер, 30-ы сылақшы мамандықтарын қосымша иеленіп шықты.

 

 

Өткен жылғы есепті кездесу туралы

2010 жылдың қаңтар-ақпан айларында өткізілген селолық округ әкімдері мен аудан әкімінің 37 есепті кездесулері барысында ұсыныс жәшіктеріне және кездесу үстінде жазбаша барлығы 217 ұсыныс, ескерту және үнқатулар түскен. Оның 157 сұрағына кездесу барысында жауап беріліп, 60 сұрағы бақылауға алынған болатын.

Есеп беру кездесуі барысында түскен ұсыныстар мен сұрақтардың орындалу барысы туралы мәселе ай сайын аудан әкімі аппаратының кеңесінде және аудан әкімдігінің жиналысында қаралып, барлық селолық округі әкімдерінің оны орындауға байланысты есептері тыңдалды.

Бүгінгі уақытта осы бақылауға алынған сұрақтардың барлығы тиісті шаралар қолданудың  нәтижесінде оң шешілді.

Соңғы жылдары тұрғындармен көтерілетін мәселелердің көбі өздерінің немесе жанұясының қамы емес, керісінше ауылдың әлеуметтік-инфрақұрылымдарын дамытуға, балалар мен жастардың келешегіне арналуда. Ол мәселелердің шешімі қаржыға тірелетіндігі белгілі. Бірақ-та облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлының 2010 жылы біздің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында осы мәселелердің біразын шешуге тікелей ықпал жасалды. Сондықтан аудан тұрғындарының атынан зор алғыс айтамын.

Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең бір өткір мәселелерін қозғайтын және ашық сұхбат ретінде өткізілетін ресми кездесулердің ерекше бір түрі.

Сондықтан біз атқарушы органдар алдағы уақытта халықтың әлеуметтік-тұрмыстық  жағдайын барынша жақсартуға бағытталған жұмыстарды атқару үшін бар ынта-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі өсіру үшін осы жылы біздің алдымызда төмендегі міндеттерді шешу мақсаты тұр:

Өткен жылы жасалған мал шаруашылығын дамыту облыстық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша төмендегідей жобалар іске асырылатын болады:

- Ұялы селосында «Бекет» ШҚ-мен 200 басқа арналған жылқы фермасын салу;

- Ақжарқын селосында «Данил» ШҚ-мен 300 бас ет тұқымды қара мал бордақылау фермасының құрылысы және 300 бас қойға арналған ферма салу;

- Дәуіт селосында «Талпын Агро» ШҚ-мен 200 бас ет тұқымды қара мал бордақылау фермасының құрылысы;

- Дәуіт селосында «Ахметжанов» ШҚ-мен етті қайта өңдеумен бірге мал соятын орын салу;

- Ақжарқын селосында «Лұқпанов» ЖШС-мен 300 бас қара малға арналған сүт кешенін салу;

- Горький селосында «Ақниет Ақжар» ЖШС-мен 300 бас шошқаға арналған ферма салу.

Өнеркәсіп бағыты бойынша:

-      Талшық селосында блок өндіретін цех ашу;

-              Ленинград селосында «Ақжар инвест» ЖШС-мен сыртқы қаптауға арналған тас өндіру;

Қызмет көрсету саласы бойынша:

- Талшық селосында автостанцияны пайдаға беру, балаларға арналған ойын алаңы, кафе;

- Ленинград селосында супермаркет, наубайхана және доңғалақ жөндеу орны, Ащыкөл селосында кафе, Ақжарқын селосында дүкен, Алқатерек селосында қоғамдық монша.

Білім саласы бойынша:

- Ленинград және Талшық селоларында музыка мектебін ашу;

- Талшық селосында екінші балабақша ғимараты құрылысының басталуы;

- Айсары, Байтөс және Талшық мектептеріне күрделі жөндеу жүргізу;

- Алқатерек мектебі жанындағы шағын орталықты толық күнге ауыстыру;

- «Балдырған» балабақшасы жанынан санаториялық топ ашылады.

Спорт саласы бойынша:

-      Үлгілі селосында хоккей корты;

-      Ақжарқын селосында стадион пайдалануға беріледі.

Мәденит саласы бойынша:

- Талшық селосында тарихи өлкетану музейі ашылады.

Селоларды көркейту жұмыстары бойынша:

-      Талшық селосында ауған жауынгерлеріне арналған аллея;

-      Кеңащы селосында Тәуелсіздік аллеясы;

-      Айсары селосында Айсары-Шорман монументі;

-      Горький селосында соғыс ардагерлеріне арналған аллея.

Сумен қамтамасыз ету бойынша:

- Бостандық және Киев селоларына су мұнарасы құрылысын салумен бірге магистральдық су құбырын тарту жұмысы аяқталатын болады.

 

Құрметті жерлестер!

Биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл адам өмірі үшін ұзақ жыл болғанмен, тарих үшін бір мезет ғана. Біз осы қысқа уақыт ішінде сіздермен бірге біраз табыстарға қол жеткізіп, аудандық деңгейдегі биік белестерді бағындырдық, алайда асар асуымыз әлі де алда.

Біздің осындай есептік кездесулер өткізу арқылы бірлесе жасаған іс қимылдарымыз бен қабылдаған шешімдеріміз көп ретте ауданның дамуына оң ықпал жасап келеді және жаңа кезеңнің табыстарын айқындады.

Бізде қажетті ресурстар мен табиғи байлықтарымыз, алға қойған жоспарларымыз бен міндеттеріміз бар. Сондықтан да біз бірлесе отырып, қойылған мақсаттардың бәріне қол жеткізе аламыз деп сенемін!

 


Ақжар ауданы әкiмiнiң ресми сайты