Ақжар ауданының әкімі А.А.Тастеміровтің
2008 жыл қорытындысы бойынша
аудан тұрғындары алдындағы есебі
Өткен жылымыз елімізде, облысымызда және ауданымызда маңызды оқиғалармен атап өтілді.
Елбасы өзінің тәуелсіздіктің 17 жылдығына арналған баяндамасында республиканың осы жылдар ішіндегі дамуының негізгі қорытындыларын түйіндеді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей: «Бүгін Қазақстан өзінің даму кезеңінде әлемдік қауымдастықтың толық құқылы, жауапкершілікті және құрметті мүшесі ретінде қалыптасты деп сеніммен және мақтанышпен айта аламыз. Еліміз осы жылдар ішінде кездескен көптеген сынақтарға лайықты шыдамдылық көрсете білді».
2008 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсуі шамамен 4 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде 7 пайыз көлемінде тұр. Күнделікті тұтынылатын азық-түлік өнімдері бағаларының өсуін тұрақтандыру мүмкіндігі жасалды. Инфляция деңгейі 9 пайыз шамасында. Қазақстандық банктер өздерінің ішкі және сыртқы міндеттерін ойдағыдай орындауда. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы кредиттеуі 2007 жылдың соңындағы деңгейде сақталды.
Барша қазақстандықтар мақтана алатын осы жетістіктерге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген де сарабдал саясаты мен басшылығының арқасында жеткеніміз анық.
Елордамыз Астана қаласының 10 жылдығын атап өттік. Өткен жылдар ішінде елорда бүкіл Орталық Азия өңіріндегі маңызды саяси орталыққа айналды. Астана – бүкіл Қазақстан халқының мақтанышы, Тәуелсіздік табыстарының нақты көрінісі болды.
Әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның қабылдануы жылдың аса маңызды оқиғаларының бірі болды.
Алдымыздағы үш жылда «100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау нысандарын салуға 227 миллиард теңге, сол сияқты 250 мектеп, 200 балабақша және 50 кәсіптік-техникалық мектептері құрылысына 200 миллиард теңге бөлінетін болады.
Үкімет халықтың нақты табыстарының сақталуы жөніндегі барлық шараларды қабылдайды және Мемлекет басшысының 2009-2011 жылдары әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, міне осы жылдан бастап, зейнетақының, бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен стипендиялардың мөлшері 25 пайызға ұлғайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 9 пайызға өсті.
Әлемдік экономикаға етене кіріккендіктен де Қазақстан жаһанды қамтитын қаржы дағдарысынан тыс қала алмады. Бірақ, дағдарысқа қарамастан, мемлекет 2008 жылы экономикада, саяси жүйеде және әлеуметтік секторда маңызды реформаларды іске асыруды жалғастырды. Экономикадағы тұрлаулылық үшін үшжылдық бюджеттік жоспарлауға көшудің стратегиялық маңызы ерекше.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы рыногын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылының дағдарысқа қарсы жоспары әзірленді және іске асырылуда. Осы жоспар негізінде облыстар мен аудандарда да медиа-жоспарлар жасалып, бекітілді.
Тұрақтандырушы жоспар мемлекеттің іс-қимылын бес негізгі бағыт бойынша шоғырландырады. Олар: бірінші, қаржы секторын тұрақтандыру; екінші, жылжымайтын мүлік рыногындағы проблемаларды шешу; үшінші, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету; төртінші, агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру; бесінші, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру.
Тұтастай алғанда тұрақтандыру шараларын іске асырудан Қазақстан экономикасы қосымша 2 триллион 172 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алады. Соның нәтижесінде 2009-2010 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі жылына 1-3 пайыз деңгейінде күтіледі. Инфляция деңгейі осы жылдары 7-9 пайыз шегінде ұсталатын болады және жұмыссыздық деңгейі 8 пайыздан аспайды деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл бесінші рет өткізіліп отырған барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері еліміздің қоғамдық-саяси өмірін демократияландыру үдерісінің маңызды элементі ғана емес, олар атқарушы органдардың шын мәніндегі емтиханы болып табылады. Себебі, кез-келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең бір өткір мәселелерін тұрғындар нақ осында қозғайды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талап етіп отырған атқарушы биліктің жауапкершілігін және есеп беруге міндеттілігін арттыруға ықпал жасайтын оның тұрғындармен ашық сұхбаты болып табылады.
Соңғы жылдары Ақжар ауданы экономиканың барлық салаларында тұрақты қарқынды дамуға қол жеткізді.
Ауыл шаруашылығы
Жалпы айтқанда 2008 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық жалпы өнімнің көлемі 7 млрд. 493 млн. теңгені құрады.
Өнім көлемі құрылымының негізі астық өндіру болып табылады. Жыл сайын егістік алқаптары ұлғая түсуде. 2007 жылы 272,3 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілсе, 2008 жылы 307,7 мың гектар алқапқа дән себілді, яғни 12 пайызға өскен. Соңғы үш жылда егістік алаңының көлемі қосымша тың жерлерді игеру есебінен 140 мың гектарға артып отыр.
Бұл көрсеткіштер астық өндірудегі біздің потенциалды мүмкіндіктерімізді растайды.
Жеткен нәтижелеріміз өздігінен келген жоқ. Бұған әрине үлкен дайындық жұмыстары мүмкіндік туғызды. Бұл – ғылыми жетістіктердің өндіріске, соңғы жаңа технологияның ауылшаруашылығына енгізілуі, тұқым сапасын жаңарту, жеткен сапалы сандық көрсеткіштерді жаңалау, мамандарды қайта даярлау және т.б. жұмыстардың нәтижесі.
Аграрлық саланың динамикалық және интенсивті дамуы оның техникамен қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты.
Біздің ауданда аграрлық секторды техникалық жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Соңғы үш жылда 4 млрд. 134. млн. теңгеге 250 бірлік шетелдік қуатты техникалар сатып алынса, өткен жылы 800 млн. теңгеге жуық сомаға 7 жаңа жоғары өнімділікті егін себу кешендері, 21 толық энергиялы тракторлар, 11 комбайн, 4 егін оратын машина және басқа техникалар сатып алынды. Бұл жұмысқа «Богви» мен «Баско» инвестор-фирмаларымыздың қосқан үлесі ерекше.
Машина-тракторлар паркін жаңарту арқылы біз ауыл шаруашылығының маусымдық жұмыстарын уақытында аяқтап, күткен нәтижеге қол жеткіздік деп айта аламыз.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың аграрлық саясатына сәйкес жыл сайын ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін айтарлықтай қаражат қоры бөлініп келеді. Өткен жылы республикалық бюджеттен субсидия ретінде 214,2 млн. теңге бөлінді, бұл 2007 жылғыдан 40,8 млн. теңгеге көп. Мұның өзі бекітілген бағдарламаға сәйкес ауданның аграрлық секторын дамытуға мүмкіндік береді.
Ауданымызда «Ақжар Кредит» кредиттік серіктестік» ЖШС жұмыс жасайды және 2008 жылы шаруа қожалықтарына 68,4 млн. теңге несие қаражаттарын бөлген. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы шаруашылығын дамытам деген 58 аудан азаматына 12,1 млн. теңге несие беріліп. Соның есебінен аудандағы мал басының саны артқан.
2009 жылдың 1-ші қаңтардағы статистикалық мәліметтері бойынша мал басының барлық түрі 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артты, яғни, ірі қара мал 106 %, шошқа 103,2%, қой мен ешкілер 114,3%, жылқылар 108,1% және құстар 122,0 пайызға өскен және сәйкесінше 21300 қара мал, 5600 шошқа, 22600 қой, ешкі, 7700 жылқы және 40700 құс саналған.
Ауданда қазақтың ақ бас ірі қара малын өсіруші «Ақниет Ақжар» ЖШС, «Болат» және «Ахмеджанов» шаруа қожалықтары сияқты 3 тұқым фермасы бар. Былтырғы жылы оларға бюджеттен субсидия ретінде 3467 мың теңге берілген.
«Ақниет Ақжар» ЖШС-нің негізінде ет тұқымын дайындайтын арнаулы кәсіпорын «Ақниет Север» ЖШС-гі тұқым фермасы құрылған болатын. Бұл шаруашылық сонымен бірге шошқаларды жемдеп, семіртумен айналысады. Осы ЖШС-гі бойынша соңғы екі жылда ірі қара мал басы 216 пайызға өсіп саны 3000-ға жетті. Шошқа басы да 169 пайызға өскен.
«Ақниет Север» ЖШС-гі 2008 жылы 100 бас қара-ала тұқымды құнажын сатып алды, ары қарай қазақтың ақбас тұқымымен шағылыстырып ет бағытында тұқым алу көзделуде.
«Ахмеджанов» шаруа қожалығында соңғы жылдары мал басы, атап айтқанда ірі қара мал, жылқы және түйелер саны көбеюде. Қазақтың ақбас тұқымды қара мал саны 487-ге жетсе, өткен жылы 880 бас жылқы және 30 бас түйе саналды.
Өнеркәсіп
Біздің аудан өнеркәсібінің құрылымы екі бағытқа негізделген: «Қайта өңдеу өндірісі» және «Тау-кен өндірісі».
2008 жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің өндірілген көлемі қаржылық емес секторда 181,1 млн. теңгені құрап, физикалық көлем индексі 115,8 пайыз болды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 62 мың текше метр қиыршық тас, 2,9 мың текше метр табиғи құм өнділіген.
Ленинград селосында қуаттылығы күніне 200 тонна асфальтобетон зауыты жұмыс жасайды, өткен жылы 6100 тонна, яғни 2007 жылғыдан 1778 тонна артық бетон өндірілді.
Өндірістегі техникалық және технологиялық базаны жаңартуды қамтамасыз етуші, инновациялық жобаны жүзеге асырудағы үлгі көрсетер өнеркәсіптің бірі – қиыршық тас өндіріп, оны фракцияларға қайта өңдейтін «Компания Диорит ЛТД» ЖШС-гі. Бұл өнеркәсіп жыл сайын өндіріс қуаттылығын арттырып, технологиялық базасын кеңейтуде. Өндіріс көлемін арттыру үшін былтырғы жылы өнеркәсіп құны 920,3 млн. теңге тұратын финляндиялық жаңа технологиялық желісін құрал жабдығымен орнатты. Нәтижесінде қосымша 52 жұмыс орны ашылып, өндіріс қуаты 2 есеге дейін өсті.
«Ақтөбе Гласс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ленинград селосында жобасы 1 млрд. 100 млн. теңге сомасындағы кварцтық құмды байыту фабрикасы құрылысының жұмысын аяқтауда. Қазіргі уақытта 927 млн. теңгесі игерілген. Өндірісті жұмысқа қосу дайындығы 90 пайыз. 2009 жылғы ІІІ тоқсанда нысан пайдаға беріледі деп жоспарлануда.
Ащыкөл селосына сыйымдылығы 60 мың тонна қосымша элеватор құрылысы жұмысы жүргізілуде, онда ұсақ тұқымдар мен дәнді дақылдарды қайта өндеу үшін жаңа импорттық жабдықтар орнатылатын болады. Бүгінгі күні 160 млн. теңгенің жұмысы игерілді.
Ауданда 8 ұн шығаратын кәсіпорын тіркелген, 2008 жылы олар 1156 тонна ұн өндірген.
2008 жылы Дәуіт, Алқатерек, Восход және Талшық селоларында 4 наубайхана ашылып халықтың нанға сұранысын біршама азайтты және қосымша 12 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде Талшық селосындағы «Ысқақовтар» жеке кәсіпкерлерімен ашылған наубайхана күніне 2000 бөлке нан және 10 түрлі нан өнімдерін шығарады. Өткен жылы аудандағы барлық наубайханалармен 318 тонна нан және нан өнімдері өндірілген.
Құрылыс
Халықтың тұрғын-үйі жағдайының жақсаруы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін, әлеуметтік саясаттың аса маңызды элементі болып табылады.
Тұрғын-үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2008 жылы ауданда жоспар бойынша алаңы 3700 шаршы метрдің орнына 4452 шаршы метрді құрайтын пәтерлер салынды. Жоспар 120 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстары халықтың және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілді.
Облыс әкімінің қолдауының арқасында жалпы құны 54 млн. 888 мың теңге облыстық бюджет қаражатына 680 шаршы метрді құрайтын 8 пәтер пайдаға берілді. Оның бесеуі бюджеттік сала қызметкерлеріне берілсе, үшеуі ауданымызға көшіп келген қандастырымызға берілді.
2008 жылғы 5 қараша күні демеушілер мен халықтың ақшалай қаражаты есебінен Үлкен-Қарой мешіті пайдаға берілді. Өздеріңіз куә болғандай, салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің бас муфтиі, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет қатысты.
Бұрынғы білім бөлімінің екінші этажы қайта жөндеуден өткізіліп, жас отбасыларына берілетін болады.
Кәсіпкерлік
2009 жылдың 1 қаңтары бойынша ауданда 717 шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде 321 жеке кәсіпкер, 76 заңды тұлға, 210 шаруа қожалығы тіркелген.
Жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлерге бизнес жасауға көмек көрсету үшін ауданда кәсіпкерлікті дамыту көрсеткіштерінің мониторингі мен талдауы тұрақты жүргізіліп отырады.
Сауда кәсіпорындары халықты қажетті өнім түрлерімен толық қанағаттандыруда, әр елді мекендегі тұтынушылардың күнделікті сұраныстағы тауар жиынтығын сатып алуға мүмкіндігі бар.
Шағын бизнес құрылымында сауда-саттық 24,1 пайызды құрайды және ауданда 242 сауда кәсіпорындары, қоғамдық тамақтану орындары және 1 базар қызмет көрсетеді.
2008 жыл ішінде барлығы 21 кәсіпкерлік нысандары, оның ішінде 9 сауда орны, 7 транспорт қызметі, 1 шаштараз, 4 басқа қызмет көрсетулер тіркелген.
Талшық, Ленинград, Ащыкөл, Ұялы, Алқатерек, Дәуіт селоларында қосымша дүкендер ашылып 14 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мониторинг бойынша шағын кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін ең негізгі факторлардың бірі оны қаржыландыру болып табылады. Ауданымызда «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның филиалы, «Ақжар кредит» кредиттік серіктестігі» ЖШС-гі, «Ақжар» және «Даяна Кредит» шағын несие ұйымдары және екінші дәрежелі банктер арқылы қаржылай қолдаулар көрсетілді.
2008 жылы екінші дәрежелі банктерден басқа жоғарда аталған қаржы ұйымдарымен шағын бизнес субъектілеріне ісін ары қарай жалғастыру және жаңадан өндіріс ашу үшін 78,3 млн. теңге несие берілген.
Несие ресурсының негізгі сомасы, яғни 72 пайызы өндірісті дамытуға жұмсалса, 28 пайызы сауда мен қызмет көрсетуге бағытталды.
Қаржы жағдайы
2009 жылдың 1 қаңтары бойынша жергілікті бюджетке салық және басқа да төлемдерді жинау жоспары аудан бойынша 102,5 пайызға орындалды. Оның ішінде, облыстық бюджет кірісі бойынша болжам 105,8 пайызға, аудандық бюджет кірісі бойынша болжам 100,3 пайызға орындалды.
Өткен жылы бос қалдықтарды есептей отырып, бюджетке нақтылау жүргізілді. Ол 2008 жылдың басында 35 млн. 401 мың теңге, оның ішінде кірістер жөніндегі жоспарды асыра орындау есебінен 27 млн. 613 мың теңге болды. Бұл сомалар ауданның әлеуметтік салаларын қосымша қаржыландыруға жұмсалды.
Аудандық бюджеттің нақтыланған көлемі шығыстар бойынша 2007 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсіп 1 млрд. 245 млн. 645 мың теңгені құрады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде барлық деңгейдегі бюджет қаражатын игеру 2008 жыл қорытындысы бойынша 99,8 пайыз болды.
Ауданымызда «Халық банк» және «Тұран Әлем банк» бөлімшелері, үш шағын несие ұйымдары және «Ақжар кредит» ауыл шаруашылық несие серіктестігі қызмет атқарады. 2008 жылы аталған екі банктің бөлімшелеріне банкоматтар орнатылып, халыққа карточкалық жүйемен қызмет көрсетуде.
Халық банкінің Уәлихан филиалының бөлімшесімен аудан халқына 135 млн. теңге сомасында 260 тұтыну несиелері берілген.
2008 жылы негізгі капиталға 340,6 млн. теңге инвестиция салынған.
Сумен қамтамасыз ету
Қазіргі таңда аудандағы 25 елді мекеннің он төрті Булаев топтық су құбырына қосылған, оның ішінде 11 елді мекен суын пайдалануда, ал қалғандары топтық су құбырындағы апатты жағдайларға байланысты суды ала алмай отыр. 15 елді мекен жергілікті су көздерін пайдаланады, соның ішінде 7 елді мекен 2004-2008 жылдары құрылған жергілікті су асты көздерінен сумен қамтамасыз етіледі.
Су шаруашылығы іс-шараларын іске асыруға 2008 жылы 104 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді.
Облыс әкімінің ықпалы нәтижесінде 32,3 млн. тенге республикалық бюджет қаражаты есебінен Кеңащы селосына дейінгі су құбыры қайта жөндеуден өткізілді. Ал сомасы 53,5 млн. теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ленинград селосындағы су құбырын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жергілікті су асты көздерінен сумен қамтамасыз ету құрылысына 18,2 млн. теңге жұмсалып Восход селосының халқы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Транспорт және байланыс
Ауданда 499 шақырым республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар қызмет көрсетеді. 2008 жылы осы жолдарды ұстау мен жөндеу жұмыстарына 35,8 млн. теңге жұмсалды. Күрделі жөндеуге қаражат бөлінген жоқ.
Халықты жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету үшін аудан бойынша 14 автобус маршруты қатынайды.
Тұрақты жолаушылар тасымалымен 25 елді мекеннің 19-ы қамтылған немесе 79 пайыз.
Аудандық телекоммунакациялар торабы арқылы 2008 жылы 566 аудан тұрғындарына телефон орнатылған. Сонымен қатар ауданда сымсыз радиобайланыс құрал жабдығы орнатылды. Қазіргі уақытта барлық елді мекендер телефон байланысымен қамтамасыз етілген.
Денсаулық сақтау
Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы белгіленген 100 аурухананың ең бірінші құрылысы біздің ауданымызда пайдаға берілуі, біз үшін зор бақыт және біз сонымен мақтана аламыз.
Жаңа, соңғы озық үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған дәл осындай аурухана бізде бұрын-соңды болмаған еді. Барлықтарыңыз жақсы білесіздер, ауданымыздағы барлық медицина мекемелері типті емес бейімделген ғимараттарда орналасқан болатын.
Медицинаның ең жаңа жетістіктеріне қол жеткізгеніміз біз сияқты ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш болып отыр.
Енді біздің алдымызда жоғары білікті медициналық кадрларды ауылға тарту міндеті тұр. Ол үшін бізде барлық жағдайлар бар. Тұрғын үй мәселесі шешілген, ауылға келген жоғарғы білімді дәрігерлер үшін көтермелеуге берілетін қаржы да қарастырылған. Өткен жылы бізге 2 дәрігер келіп, оларға тұрғын үй берілді және көтермелеу ақысы төленді. Осы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жыл сайын ауданымызда бала туу ұлғаюда, бұл көрсеткіш жылдан-жылға арта беретіндігіне сеніміз мол, өйткені жаңа ауруханада ана мен балаға барлық жағдай жасалған.
Өткен жылы Кеңащы селосындағы дәрігерлік амбулаторияға 2 млн. теңге сомасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі күні ауданның барлық дәрігерлік емханалары мен медициналық пункттерінде телефон байланысы бар.
Денсаулық мәселелері бойынша қорыта келе, аудандық медицина мекемелері жұмысында біраз кемшіліктер бар екендігін айту керек.
Бұл бағытта кемшіліктерді болдырмау және жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Денсаулық мәселелері бойынша республикада және облыста өткізілген жиналыстардан кейін ауданымызда да 20 қараша күні аудандық әкімдіктің кеңейтілген отырысында осы мәселе қаралды.
Білім беру
Білім беру саласында 23 орта, 2 негізгі, бір бастауыш мектеп, мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, екі балабақша, №6 кәсіби мектеп, жасөспірімдер үйі, медициналық-педагогикалық психологиялық консультация жұмыс атқарып жатыр.
Барлық мектептер телефон және компьютерлермен қамтамасыз етіліп, Интернет жүйесіне қосылған, 6 мектеп «Оkunet.kz” жүйесіне қосылған, Талшық, Ленинградтағы №1 және №2 орта мектептерінде интерактивті тақта орнатылған. Мектеп кітапханаларында барлық пәндер бойынша электронды оқулықтар бар.
2008 жылы жалпы сомасы 67 млн. 754 мың теңгеге 6 мектепке мультимедиалық кабинеттер, 10 мектепке физика кабинеті орнатылды. Аудан мектептеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 53 млн. 104 мың теңге, оқулықтар мен оқыту-методикалық комплекстер сатып алу үшін 7 млн. 406 мың теңге бөлініп, игерілді.
Білім беру саласында мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу, жалпы орта, бастауыш және орта кәсіби білім беру мекемелерін дамыту жұмысы жалғасатын болады.
Қазіргі уақытта оқушылардың білім сапасына ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені соңғы екі жылда ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша біздің ауданымыз облыс бойынша соңғы орындарда қалып қойды.
Әлеуметтік қорғау
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті және әлемнің серпінді дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуының үшінші басымдығы – халықтың неғұрлым «әлжуаз» топтарын қорғайтын осы заманғы әлеуметтік саясат.
Аудан халқының өмір сүру деңгейін жақсартуда жалақының уақытында төленуі мен жалақы мөлшерінің көбеюі өзіндік әсер етеді. 2008 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша орташа айлық жалақы мөлшері аудан бойынша 29352 теңге болды немесе 2007 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 6 пайызға артқан.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде 2008 жылы 1029 жұмыссыз жұмысқа орналастырылып, жоспар 108 пайызға орындалды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 496 адам орналастырылды. Бұл 2007 жылғы көрсеткіштен 74 жұмыс орнына артық.
2009 жылдың 1 қаңтары бойынша ауданда тұрмысы төмен 320 отбасы немесе 1124 адам бар, бұл 2008 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 290 адамға азайған.
Аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдау мақсатында 23 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 1800 адамға берілген.
Жұмыс іздеуде қиындық көретін тұлғалар үшін өткен жылы жалпы еңбекақы қоры 8 млн. 16 мың теңге соманы құрайтын 179 адам төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілген. Жоспар 100 пайызға орындалды.
2008 жыл бойы мемлекеттік балалар жәрдемақысы 1779 балаға немесе 1042 отбасына бөлініп 17 млн. 676 мың теңге төленді.
Мүгедектерді оңалту бағдарламасын жүзеге асыруға 2008 жылы 4851 мың теңге бағытталды, бұл 2007 жылға қарағанда 1237,8 мың теңгеге артық.
Елге оралған қандастарымызды қабылдау, орналастыру, еңбекпен қамту және орнықтыру жөнінде жүргізіліп жатқан мақсатты жұмыс жалғасуда. Осы жылы біз үшін «Нұрлы көш» бағдарламасына сәйкес алдымыздағы 2010-2011 жылдары қандастарымызды қабылдауға байланысты үлкен дайындық жұмыстарын жүргізу мақсаты тұр. Яғни осы бағдарламаға сәйкес 2010 жылы Талшық селосына 100 отбасы, Ленинград селосына 100 отбасы барлығы 200 отбасын қабылдауымыз керек, сондай-ақ 2011 жылы осылайша 200 отбасы келетін болады.
Сөз жоқ, кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту жөніндегі жүргізілетін жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл мәселені шешу ауданның барлық мемлекеттік органдарынан аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі нысаналы жұмысын талап етеді. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, отбасында бірде-бір адам жұмыс істемейтін жанұялар және шаруашылықпен айналыспайтын отбасылар тізім жасалды. Осы жылы бірінші кезекте оларға жұмыс ұсынылып, шаруашылық жүргізу үшін шағын несиелер берілетін болады.
Мәдениет
Ауданның мәдениет жұмысы соңғы жылдары оң нәтижелер беруде. Соның нәтижесінде аудан тұрғындары бос уақыттарын ұтымды өткізуге, түрлі сайыстар мен фестивальдарға қатысуға мүмкіндік алды.
Ауданда мәдениеттің 60 нысаны қызмет етеді, соның ішінде 8 Мәдениет үйі, 10 селолық клуб, жалпы кітап қоры 344 264 дананы құрайтын 41 кітапхана бар, оның ішінде 28-і мектеп кітапханасы. Аудандық орталық кітапхана компюьтерлендірілді және интернет жүйесіне қосылған.
Облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлының тікелей тапсырмасына және қолдауының нәтижесінде өткен жылы аудандық орталық Мәдениет үйіне 8 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көрермендер залының келбеті айтарлықтай өзгерді.
2008 жылы аудандық орталық кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 1206 мың теңге бөлініп, игерілді.
Спорт
Ауданда 146 спорттық ғимараттар бар. 50 дене шынықтыру ұжымында 4600 –ден астам адам жүйелі түрде айналысады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 10 бөлімшесінде 450 оқушы тәрбиеленуде. Өткен жылы Ұялы селосында бір стадион салынып, Горький селосындағы хоккей қорапшасы қайта жөндеуден өткізілді.
Ауданда жыл сайын аудандық қысқы және жазғы спорттық ойындар, спорттың ұлттық түрлері бойынша спартакиада, турнирлер және волейбол, еркін және грек-римдік күрес бойынша чемпионаттар өткізіліп келеді.
2008 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің негізінде бокс және ауыр атлетика секциялары ашылды.
Спорттық резервті және жоғарғы сыныптағы спортшыларды сапалы даярлау республикалық және халықаралық ареналарда жақсы нәтижелер көрсетуге мүмкіндік берді.
Грек-рим күресінен Москвада өткен халықаралық турнирде Қалауиденов Женис І орынды жеңіп алса, Баймағанбетов Ақан 2 орын иеленді. Еркін күрестен республикалық біріншілікте Өтегұлова Айдана ел чемпионы атанса, Дайыров Асан мен Сәрсекеева Қымбат қола жүлдеге ие болды. Ержанов Айбек еркін күрестен республикалық және халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. Біздің ауданның футболшы-қыздары облыстық және республикалық құрама командалар сапында өнер көрсетіп жүр.
Аудан білім беру департаментінің, дене шынықтыру және спорт басқармасы өткізген барлық облыстық шараларға белсене қатысты.
Айта кетеін бір қуанышты жәй, биылдан бастап ауылдық жерге келетін әлеуметтік сала мамандарын (денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт және әлеуметтік бөлім) әлеуметтік қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 4901 мың теңге немесе әр жас маман үшін 89 мың теңге көлемінде көтермелеу ақысы қарастырылып отыр.
Құнсыздану процестері және азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс барысы
Негізгі азық-түлік бағаларына және тарифтерге күн сайын бағалар мониторингі жүргізіліп отырады.
Ауданда нан және нан өнімдері бағаларын тұрақтандыруға байланысты азық-түлік бидайының аудандық тұрақтылық қорына 5000 тонна астық сақталған. Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген отбасыларын қолдау мақсатында «Богви» фирмасының қолдауы нәтижесінде көмір және ұн қоры жасақталды.
Бағаларды тұрақтандыруда Талшық және Ленинград селоларында тұрақты өткізіліп келе жатқан ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесі өз ықпалын тигізуде.
Былтырғы жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша, азық-түлік және өнеркәсіптік тауарлар бағаларын тұрақтандыру мәселелері бойынша өзара бірлесе іс-қимыл жасау үшін 3 меморандум жасалды (жеке кәсіпкерлер Жаңабаев, Ысқақова және Мейрамов).
Одан басқа, халықтың әлжуаз тобын әлеуметтік қолдау және жұмыс орындарын сақтау мақсатында және экономикалық дағдарысқа қарсы шара ретінде ауданымызда жұмыс жасайтын ірі инветор-фирмалармен өзара бірлесе жұмыс жасау Меморандумына қол қойылды.
Ішкі нарықта тауарлардың тапшылығына және бағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында Үкімет жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып, бірінше кезекте қажетті тауарлардың – ет, ұн, құрғақ сүт, өсімдік майы, қант және күріштің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
2008 жыл қорытындысы бойынша есептік кездесу барысындағы айтылған сын ескертпелер мен ұсыныстарды орындау жөніндегі жұмыс туралы
2008 жылдың қорытындысы бойынша халықпен есептік кездесу барысындағы ауыл тұрғындарынан ауданның экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріндегі мәселелер туралы 58 сұрақтар мен ұсыныстар түсті.
58 мәселелердің ішіндегі сұрақтар мен ұсыныстардың 55- сы уақытында орындалып, іске асты. Шешімін таппаған үш мәселе бақылауға алынумен осы жылға ауысты.
Бұрынғы және қазіргі есептік кездесулердің тәжірибесі көрсеткендей, жергілікті жердегі атқарушы билік азаматтардың өзекті мәселелеріне Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу Стратегиясында алға қойылған міндеттер тұрғысынан қарап, оларды шешуге көбірек көңіл бөле бастады.
2008 жылдың қорытынды нәтижелері осындай. Көп істер атқарылды, бірақ алдымызда жаңа жылдың жаңа жауапты белестерін бағындыруды көздейтін істер одан да көп.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі өсіру үшін осы жылы біздің алдымызда төмендегі міндеттерді шешу мақсаты тұр:
- қиыршық тас өндіру бойынша тағы да екі өнеркәсіп «Шунгит» және «Континент Групп» ЖШС-і іске қосылатын болады;
- жартылай фабрикаттарға ауданның ішкі сұранысын қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкер Л.Т.Жезбаевамен тұшпара шығарыла бастады. Ауысымына 1200 кг шұжық шығаратын, күніне 1000 кг дейін макарон және кондитерлік өнімдер өндіретін құрал жабдықтар әкелінді. Сонымен қатар ауысымына 1500 литр пакеттелген қымыз және сүт шығаратын құрал жабдық сатып алынған. Осы барлық құрал жабдықтарды сатып алуға жалпы сомасы 100 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған;
- қазіргі уақытта аудандағы қиыршық тас шығаратын кәсіпорындардың қуаты айына 90 мың текше метрге дейін жетті. Сондықтан облыс әкімінің қолдауымен Кішкенекөл селосынан Ресей шекарасына дейінгі 59 шақырым темір жолды қайтадан қалпына келтіру мәселесі көтерілуде. Шешілген жағдайда тау-кен өндірісінің өнімдерін молынан сатуға мүмкіншілік туады;
- «Назым БКТ» ЖШС-мен емді-асханалық минералды суын құю цехын ашу жоспарлануда;
- 2009 жылғы ІІІ тоқсанда «Ақтөбе Гласс» ЖШС-мен кварц құмын байыту бойынша кенбайыту фабрикасы пайдаға берілетін болады. Және де облыс әкімінің бастамасымен «Самрық-Қазына» Ұлттық компаниясы және германияның «Хайн» фирмасымен бірлесе отырып Ленинград селосында әйнек зауытын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде;
- «Лұқпанов» ЖШС-мен 250 бас ірі қара малға арналған сүт кешені және қуаты 8 тонналық майзауытын салу жоспарлануда. Бұл жоба «Тобол» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен кәсіпорын ашу мақсатында іске асатын болады. Осы жылдан бастап Алқатерек селосында ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және сатумен айналысатын осындай бірлескен «Асыр-Тобол» ЖШС-гі жұмысын бастайтын болады;
- «Бейбарыс Газ» ЖШС-мен Ленинград селосында газқұю орны ашылады;
- Талшық селосында автожуу орнының құрылысы басталады;
- «Агромашхолдинг» АҚ Талшық селосында агромаркетинг құрылысын бастайды;
- сомасы 21,9 млн. теңге бюджеттік несиелеу нәтижесінде Ленинград селосында ресторан, Талшық селосында 3 қоғамдық тамақтану орын және дәріхана ашылатын болады;
- «Ақниет Север» ЖШС-гі Қазагрохолдингтен 5000 бас ірі қара мал өсіруге арналған кешен құрылысы тендерін жеңіп алды.
- бюджеттен Киев-Бостандық селоларына су құбырын тартуға 15 млн. теңге, Ленинград селосындағы №6 кәсіптік лицей жатақханасын қайта жөндеуге және жеке пеш жағатын орын салуға 72 млн. теңге қарастырылған.
Халықтың тұрмыс жағдайының сапасы мен деңгейін көтеру, экономиканың ары қарай дамыту мақсатында осы алға қойылған мақсаттарды орындау барлығымыз үшін бірлесе іс-қимыл жасауды және қажырлы еңбектенуді талап етеді.
Біз алдағы уақытта да мемлекеттік органдардың жұмысында мөлдірлікті, оның тиімділігін қамтамасыз ету, барлық қоғамдық күштермен диалог пен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыратын боламыз.